19-21 маусым аралығында Астанада Халықаралық жүк әуетасымалдары қауымдастығының (TIACA) қолдауымен өткен авиациялық жүк және логистика жөніндегі өңірлік форум аясында аталған құжатқа қол қойылды. Форум 2-ші Aviation talks аясында «Silk Road in the Sky – Kazakhstan Air Cargo Hub» атауымен өтті.
Форум аясында транзиттік әлеует, мультимодальды тасымалдар, жүк тасымалындағы инновациялар мен цифрландыру, әуежай инфрақұрылымы, логистикалық орталықтар, тиімді кедендік рәсімдер, тұрақты авиациялық отын, халықаралық тасымалдаушылармен ынтымақтастық, оқыту мен кадрларға инвестициялар сияқты әуе көлік саласын дамытудың маңызды бағыттары қаралды.
Форум жұмысына «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС бас директоры Рустам Биктимиров қатысты. Оның айтуынша, БҚО-да жүк авиациясын дамыту транзиттік және логистикалық инфрақұрылымды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, нәтижесінде бұл өңірдің және тұтастай алғанда елдің экономикалық өсуінің драйверіне айналады.
Форум алаңында Қазақстанның экономикалық өркендеуінің жаңа көзқарасы, саланың нормативтік-құқықтық базасына өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы баяндамалар тыңдалды, жүк саласына шолу ұсынылды, сондай-ақ мультимодальды логистика туралы айтылды.
«Біз үшін жүк авиациялық хабтарын құру, жүк әуетасымалдарының үрдістері, инновациялары мен цифрландырылуы, экологиялық таза авиациялық отын тақырыптары маңызды болды», - деп атап өтті Орал әуежайының бас директоры.
Форум жұмысының қорытындысы бойынша Орал халықаралық әуежайының басшылығы TIACA-мен жүк тасымалын дамыту туралы меморандумға қол қойды.
Рустам Биктимиров
"Орал" Халықаралық әуежайының бас директоры