Орал халықаралық әуежайында Қазақстан Республикасы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың әуежайдың бас директоры Дамир Самигуллинмен кездесуі өтті. Кездесу барысында әуежайды жаңғырту, инфрақұрылымды дамыту және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Әуежайдың бас директоры кәсіпорында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, соңғы жылдары жүзеге асырылған инвестициялық жобалар, арнайы аэродромдық техника паркін жаңарту, перронды жөндеу, әуежай инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар жөнінде ақпарат берді.
Отырыс жұмысына Көлік министрлігі, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі, авиация саласы мен бейінді ұйымдардың өкілдері қатысты. Кездесу барысында өңірдің авиациялық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған негізгі жобалардың іске асырылу барысы қаралды.
Талқылау қорытындысы бойынша ұшу-қону жолағын жөндеу, әуежайдың периметрлік қоршауын реконструкциялау, арнайы техника паркін жаңарту, аэронавигациялық жүйелер мен жанармай инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар халықаралық бағыттар желісін кеңейту, Атырау және Ақтөбе қалаларымен әуе қатынасын қайта жандандыру, шағын авиацияны дамыту және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Көлік министрі жауапты ұйымдарға бекітілген жұмыс кестелерінің сақталуын қамтамасыз етіп, барлық жоспарланған іс-шараларды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Жобалардың орындалу барысы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің тұрақты бақылауында болады.
Айта кетейік, соңғы үш жылда Орал халықаралық әуежайының жолаушылар ағыны 85 пайызға, жүк айналымы 89 пайызға, ал орындалған әуе рейстерінің саны 51 пайызға артты. Бүгінде әуежайдан еліміздің ішкі бағытына, сондай-ақ Ыстанбұл, Анталия, Шарм-эш-Шейх және Франкфурт қалаларына халықаралық рейстер орындалады.